Түркістан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлағандай, құрылғанына енді ғана 3 жыл толатын «TURKISTAN» телеарнасы былтыр өзінің тырнақалды төлтуындысын таспалаған болатын. Комедиялық мелодрама жанрындағы «Кәріс келін» фильмі шынайы оқиғаларға негізделген.
Онда Сәкен есімді түлкібастық жігіт пен оңтүстіккореялық Суджин Ли есімді қыздың арасындағы махаббат сезімі баяндалады. Кореяда 5 жыл жұмыс істеген Сәкен 2023 жылы елге өзімен бірге сүйіктісі Суджин Лиді алып келіп, қарашаңырағына келін етіп түсіреді.
Бүгінде жас отбасы тату-тәтті, бақытты өмір сүріп жатыр. Фильм Суджин Лидің Қазақстанға келген алғашқы күндердегі басынан өткізген қызықты оқиғаларынан бастау алады. Онда екі жастың махаббаты ғана емес, отбасы құндылықтары, қазақ халқының салт-дәстүрлері насихатталады.
Фильм сценарийін телеарна қызметкерлері бірлесе жазып шыққан. Ол телесериал ретінде түсірілген. Дегенмен, көрермендер тарапынан сұраныс болғандықтан, толық форматты фильм ретінде өңделіп, кинотеатрлардан да көрсету жоспарланып отыр. Басты рөлдерді Түркістан облысы мен Шымкент қаласының кәсіби актерлері сомдаған. Айта кетсек, фильм Түркістан қаласы мен Төлеби ауданында бар болғаны 9 күнде түсірілген.
«Кәріс келін» фильмі 1-31 наурыз аралығында Түркістан қаласындағы «PRIME CINEMA» және Шымкент қаласындағы «CINEMAX», «Pixel Cinema» кинотеатрларында көрсетілетін болады.

